«Қазақфильмде» мүмкіндігі шектеулі жандар туралы драма түсірілуде
Алматы. 12 маусым. Ақпараттар орталығы. "ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жұмыс атауы «Девушка и море» («Қыз бен теңіз») атты әлеуметтік жобаны түсіруді қолға алды, деп хабарлады киностудияның баспасөз қызметінен.
Аталған фильмде БЦП-мен ауыратын Әсел есімді бойжеткеннің өмірі баяндалады. Оның бар арманы - махаббатын кездестіріп, отбасын құру. Уақыт өте Әсел БЦП-мен ауыратын Тахир есімді жігітті кездестіріп, өмірі өзгереді.
Фильмнің режиссерлері әрі сценарий авторлары – Мұхамед Мамырбеков және Әзизжан Заиров.
«Девушка и море» фильмі мүмкіндігі шектеулі жастардың өмірін баяндайтын «Безграничные возможности» дилогиясының екінші бөлімі. «Быть или не быть» атты бірінші бөлім арқылы біз БЦП-мен ауыратын жас жігіттің өмірін көрсетуге тырыстық. Ал осы фильмде бойжеткеннің өмірін көрсетеміз», - деді фильмнің режиссері әрі продюсері Әзизжан Заиров.
Фильм негізіне «Арди» оңалту орталығының тәрбиеленушісі Динара Шарипованың өмірі алынған. Картинада ол басты рөлді сомдайтын болады.
"Динара өзінің өмірге деген көзқарасымен, өмірсүйгіштігі және мінезінің жұмсақтығымен ерекшеленеді. Өзінің ауруына қарамастан ол толыққанды өмір сүреді. Жоғарғы білім алып, қаладағы банктердің бірінде жұмыс істейді. Шығармашылыққа да өте жақын, аяғымен суреттер салып, дені сау адамдарға өз-өзіне сенуге көмектеседі. Фильмде біз оның шексіз ішкі жан дүниесін ашып көрсетпекпіз», - деді фильмнің режиссері әрі продюсері Әзизжан Заиров.
Айта кетсек, фильмде басты рөлдерді «АРДИ» оңалту орталығының оқушылары сомдайтын болады. Мысалы, дилогияның бірінші бөлімінде басты рөлді сомдаған актер, БЦП-мен ауыратын Тахир Омаров ойнайды. Сондай-ақ, фильмге Эмир Байғазиннің «Төрт оқиға» фильмінде басты рөлді сомдаған Қанағат Тасқараев та түседі.
"Бұл картина арқылы біз көрермендерге тек мүгедек жастардың ғана емес, мүмкіндігі шектеулі барлық жандардың күнделікті проблемалары туралы ашып көрсетпекпіз. Қоғамда өз орнын тауып, тең мүшесі болу үшін осындай адамдардың өмірімен, тыныс-тіршілігімен танысқаннан кейін, көрермен оларға түсіністікпен қарап, тіпті өздерінің күшіне де сене алады. Біздің туынды тек мүгедектерге ғана емес, сонымен қатар барлығымызға да арт-терапия болмақ, - деді режиссер Мұхамед Мамырбеков.
Ақпарға сәйкес, фильмнің түсіру жұмыстары екі ай бойы Алматы қаласында өтеді.


