Қазақстан мен Қырғызстан ауыл шаруашылық өнімдерінің өзара тасымалын арттыруды жоспарлап отыр
Алматы. 15 шілде. Ақпараттар орталығы. Үкімет үйінде ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Қырғыз Республикасының вице-премьер-министрі Олег Панкратов бастаған делегациясымен келіссөздер жүргізді. Бұл туралы үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.
Кездесу барысында Еуразиялық экономикалық одақ форматында екі жақы қарым-қатынас және ынтымақтастық мәселелрі қозғалды. Сағынтаев пен Панкратов сауда-экономикалық серіктестік аспектілерін, екі елдің энергетика жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Көлік-жол саласына қатысты тараптар автокөлік және теміржол байланысын дамытуға күш салуға уағдаласты.
Одан бөлек екі мемлекеттің вице-премьерлері фитосанитарлық талаптарды сақтай отырып өзара тасымалданатын ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемін арттыру мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар, су жеткізу, көші-қон, ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы серіктестік мәселелерін талқылады.
Келіссөздер барысында тараптар тауарлар мен қызметтер, көлік-жол, энергетика, туризм сынды салаларда екі елдің өзара байланысын нығайтуға ниетті екендіктерін білдірді.


