Қазақстандық фильмдерді Пекиндегі халықаралық кинофестивальде көрсетеді
Алматы. 5 сәуір. Ақпараттар орталығы. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған «Құнанбай» және «Жаңғақ тал» фильмдері Қытайдың астанасында ү.ж. сәуірдің 19-ы мен 21-і аралығында өтетін Халықаралық Пекин кинофестивалінің (Beijing International Film Festival) «Панорама» бағдарламасында көрсетілетін болады, деп хабарлады киностудияның баспасөз қызметінен.
Хабарда айтылғандай, негізгі бағдарламаға 15 фильм іріктеліп алынған. Конкурстық байқауға ұсынылған фильмдердің үздігін белгілі дат режиссері Билл Августтың басшылығымен халықаралық қазылар алқасы анықтайтын болады.
Баспасөз қызметі еске салғандай, «Жаңғақ тал» фильмі Оңтүстік Кореядағы Пусан фестивалінде әлемдік премьерасын өткізіп, онда New Currents («Жаңа ағым») секциясы аясында бас жүлдені иемденген болатын. Сонымен қатар, аталмыш картина Везульдегі Азия кинолары 22-і Халықаралық кинофестивалінің негізгі байқауында көрсетіліп (Франция, 2016 ж.), екі бірдей жүлдеге – халықаралық қазылардың арнаулы жүлдесіне және кино сыншыларының арнаулы жүлдесіне ие болды.
Сонымен қатар, алғашқы ұлттық «Тұлпар» кинопремиясында фильмнің авторлары үздік атанып, «Үздік ер адам рөлі», «Үздік қоюшы суретші», «Үздік композитор», «Үздік сценарий» аталымдар бойынша төрт бірдей жүлдеге қол жеткізді. Одан бөлек, Уфада өткен III халықаралық ұлттық және этникалық кино «Күміс Ақбозат» фестивалінде Әмір Әбдіразақов атындағы «Ұлттық рух» жүлдесін иеленген.
Дереккөз: Киностудия "Казахфильм"


