26 қараша 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Бішкекте өткен Еуразиялық Үкіметаралық кеңестің кезекті отырысына қатысты

7 наурыз 2017 Қаралым: 1 814 Саясат,  Экономика,  Әлемде
primeminister.kz
Фото: primeminister.kz

Алматы. 7 наурыз. Ақпараттар орталығы. Бүгін Бішкекте ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық Үкіметаралық кеңестің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлады primeminister.kz.

Өз сөзінде Қазақстанның Премьер-Министрі Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы сауданы арттыру үшін өзара іс-қимылды нығайтуға, жаңа тиімді құралдарды қалыптастыруға ортақ күш-жігерімізді шоғырландырудың маңыздылығын баса айтты.

«ЕАЭО кәсіпкерлері ықпалдасудан, ортақ нарықтарды құрудан елеулі, жақсы нәтиже күтеді. Сол себепті де біз «ойынның ортақ ережелері» деп аталатын бірыңғай реттеуді жүзеге асыруға өзіміз келіскен салаларда бизнеске қажетті сапалы, тиімді әрі ауыртпалық түсірмейтін реттеу тәжірибесіне қол жеткізуіміз қажет», - деп атап өтті ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев.

Хабарда айтылғандай, ЕҮАК отырысы барысында ЕАЭО-дағы интеграциялық үдерістерді одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа және өзара сауданы кеңейтуге, АӨК дамытуға және ауылшаруашылық машина құрастыруға ерекше көңіл бөлінді.

Отырыс қорытындысы бойынша өзара сауда мәселелеріне, интеграциялық әлеуетке ие экономика салаларына, сауда келіссөздері нәтижелеріне және басқаларына қатысты бірқатар бірлескен құжаттарға қол қойылды.   

Дереккөз: Официальный сайт премьер-министра РК

Тағы оқыңыз