Үндістанда Қазақстан фильмдерінің көрсетілімі өтеді
Алматы. 9 желтоқсан. Ақпараттар орталығы. «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған кинотуындылар Үндістандағы Керала штатында 21-ші Халықаралық үнді кинофестивалінде көрсетілетін болады, деп хабарлады кинокомпанияның баспасөз қызметінен.
Штаттың астанасы Тируванантапурама қаласында фестиваль желтоқсанның 9-ы мен 16-ы аралығында өтеді.
"Фестиваль шеңберінде «Қазақфильм» киностудиясының әр жылдары түсірілген фильмдері көрсетіледі, атап айтсақ: «Келін» (реж. Е.Тұрсынов), «Шал» (реж. Е.Тұрсынов), «Студент» (реж. Д.Өмірбаев), сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «САҚ» студиясы түсірген «Қазақ елі» анимациялық фильмі (реж. Б.Дәуренбеков), — делінген хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, фестиваль шеңберінде Серік Апрымовтың «Аңшы» және «Бауыр» фильмдері көрсетіледі. Бұл картиналарды үнді көрермендеріне режиссердің өзі таныстыратын болады.
Биыл фестиваль барысында 62 мемлекеттен келген 185 картиналар көрсетіледі.
1996 жылдан бері өткізіліп жатқан Халықаралық үнді кинофестивалі Үндістанда өткізіліп жүрген маңызды мәдени іс-шаралардың бірі. Байқаудың ұйымдастырушылары – Керала штатының Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Chalachitra» киноакадемиясы. Фестиваль Халықаралық кинопродюсерлер ассоциациясы федерациясында 1999 жылы тіркелген болатын.


