26 ноября 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Алматы облысында екі мейрамханаға «Халал» сертификаты табысталды

24 июня 2016 Просмотры: 1 374
Алматы облысында екі мейрамханаға «Халал» сертификаты табысталды
Алматы. 24 маусым. Ақпараттар орталығы.   «Халал даму» ЖШС-нің арнайы сертификаты Алматы облысы орталығында орналасқан екі мейрамханаға табысталды, деп хабарлады бүгін Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚМДБ жанынан ашылған «Халал даму» ЖШС-нің директоры Бейбіт Мырзагелдиев.

Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарынша, осыдан екі жылдай бұрын
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан осы бағытта жұмыс істейтін халал өнімдерін стандарттау бөлімі құрылған. Енді биылғы ақпанда аталмыш басқарманың құрылтайшылығымен халал стандарттарын енгізумен және өнімді сертификаттаумен айналысатын   «Халал даму» ЖШС ашылды.

Осы уақыт аралағында «Халал даму» ЖШС-нің арнайы сертификатын  еліміз бойынша 50-ге жуық кәсіпорын иеленіпті.  

«Бүгінгі таңда бізде өнімдерге гендік сараптама жасайтын озық үлгідегі аппараттар да бар. Сондықтан кез-келген кәсіпорын өнімдерінің халал стандартының талаптарына қаншалықты жауап бере алатындығын тиісті деңгейде анықтай аламыз.

Бізеліміздегі халал индустриясының дамуын, ел азаматтарының мейлінше жақсы өмір сүруін қамтамасыз етуді мақсат етеміз»,- дейді Б.Мырзагелдиев.

Оның айтуынша, дұрыс бауыздалмаған малдың еті де денсаулыққа зиян. Ал азық ретінде пайдаланатын жануарларды элекр тогымен өлтіру еттің сапасына нұқсан келтіреді. Мұндай әдіспен малды жансыздандырғанда мал денесінен қанның біркелкі ағып кетуіне кедергі болады және қан ағзадан толық шықпай қалады. Осының нәтижесінде әсіресе ісік ауруларын тудыратын концероген сақталып қалады, бұл адамның денсаулығына өте қатерлі. 

«Сондықтан біз республика көлемінде қасапшыларды оқытуды қолға алып жатырмыз. Қойылған талаптардан сүрінбей өткен қасапшыларға арнайы мөр басылған құжат беріледі», - деді Б.Мырзагелдиев.