26 ноября 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

«Астана ЭКСПО-2017» көрме кешені іске қосу және әрлеу жұмыстарын жүргізу үшін 2016 жылғы қыркүйекке дейін дайын болу керек

6 апреля 2015 Просмотры: 1 235

Бұндай тапсырманы елбасы Н. Назарбаев «ЭКСПО-2017» көрмесінің нысандарымен танысу кезінде айтты, деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

Н. Назарбаевқа көрменің орталығы – Қазақстанның Ұлттық павильонында болатын нысандар жөнінде жан-жақты баяндалған. Қазақстан президенті кеңес өткізіп, құрылыс жұмыстарының барысына тоқталған. Ол салынып жатқан ғимараттарды көрмеден кейін де пайдалану мәселесін үкіметпен бірлесе отырып анықтау басты міндеттердің бірі екендігіне назар аударған.

«Кейбір елдердегі секілді нысандар бос тұрып қалмауы керек. Қонақтарға арналған баспана, қонақ үй және Конгресс-орталық мақсатты пайдаланылады. Бұл ретте, көрмеден кейін шетелдік мемлекеттердің павильондары мен өзге де көптеген орын-жайлар бос қалады. Кешен одан әрі қалай пайдаланылатынын қазірдің өзінде шешіп алған жөн. Мүмкін онда халықаралық шаралар, әскери, агроөнеркәсіптік көрмелер өткізілер. Әлемдік ірі компанияларды біздің нысандарымызды өз жұмыстарына пайдалануы үшін қызықтыру қажет. Сонымен қатар, мұнда халықаралық банктер, бұқаралық ақпарат құралдары өз кеңселерін ашуға тілек білдіруде. Жалпы алғанда, барлық ғимараттар 2017 жылдың күзінен соң әрі қарай пайдалануға берілуге тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жалпы ауданы 174 гектар болатын Көрме кешенінің аумағында 38 нысан бой көтеретін болады. Жобаға 8 құрылыс ұйымы және 3500-ден астам жұмысшы қатысып жатыр.

Кешеннің көрме аймағында диаметрі 80 метрлік, шар пішініндегі Қазақстанның Ұлттық павильоны, сондай-ақ халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар, сауда, ойын-сауық және қызмет көрсету нысандары орналасады. Көрме сыртындағы аймаққа конференция орталығы, баспасөз орталығы, жабық қала, тұрғын үйлер мен қонақ үйлер енеді.

ЭКСПО нысандары жел, күн және өзге де баламалы қуат көздерінен алынатын «жасыл» энергетикамен қамтамасыз етіледі.