26 ноября 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Президент Назарбаев БЖЗҚ қаржысының қалай жұмсалатынын айтты

10 февраля 2016 Просмотры: 2 010

Алматы. 11 ақпан. Ақпараттар орталығы. Қазақстан президеті Нұрсұлтан Назарбаев бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЗЖҚ) алынатын 1 трлн 450 млрд теңгенің қалай жұмсалатыны туралы айтты.

Ақорда баспасөз қызметі хабарлағандай, мемлекет басшысы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының қаражаттарының сақталуы мен табыстылығын қамтамасыз етуді, бос зейнетақы жинақтарын 2016 жылы 1 триллион 450 миллиард теңге сомасында бірқатар бағыттар бойынша инвестициялауды тапсырды.
Атап айтқанда, 500 миллиард теңге БЖЗҚ қаражатының әртараптылығын қамтамасыз ету және азаматтардың зейнетақы жинақтарының табыстылығын арттыру мақсатында сыртқы нарықтарда инвестициялау үшін шетел валютасына ауыстыруға бағытталады.
Сондай-ақ 600 миллиард теңге екінші деңгейлі банктер мен ұлттық холдингтердің шартталған облигацияларын қайтарымды негізде және зейнетақы активтерінің сақталуы мен табыстылығын арттыру үшін нарықтық пайыздық мөлшерлеме арқылы сатып алуға жұмсалады. Бұдан әрі аталған қаражат экономиканың маңызды секторларын ынталандыру үшін инвестицияланады.
Негізі бағыттардың қатарында, біріншіден, шағын және орта бизнес қажеттіліктерін айналым қаражаты арқылы шарттық негізде қаржыландыру және қарыздарын қайта қаржыландыру мәселесі бар. Бұл кәсіпкерлердің 700 жобасын қаржыландыруға, 14 мың жұмыс орнын ашуға, 540 миллиард теңгенің өнімін өткізуге және бюджетке шамамен 60 миллиард теңге салық түсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, Қазақстанның оңтүстігіндегі энергия тапшылығын азайту мақсатында «KEGOC» АҚ-ның «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» жобасын жүзеге асыруды жеделдету.
Үшіншіден, АӨК-нің басымдығы бар жобаларын, соның ішінде ет және сүт өндіру мен өңдеу жөніндегі жобаларды қаржыландыру.
Төртіншіден, 3456 ауылдық елді мекеннің кеңжолақты интернет желісіне қол жеткізуін қамтамасыз ету.