Қазақстан Түркияның Дін істер басқармасымен қарым-қатынасын нығайтуда
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғ.Шойкиннің басшылығымен ҚР-ның делегациясы Түркия Республикасына жұмыс сапармен келді, деп хабарлайды ҚР сыртқы істер министрлігі.
Сапар барысында Ғ.Шойкин Түркия Республикасының Дін істер басқармасының төрағасы Мехмет Гөрмезбен, «Хасеки» дін орталығының басшылығымен және Анкара, Ыстамбұл, Кония қалаларында орналасқан ТР Дін істер басқармасының өкілдерімен кездесті.
Түркия Дін істер басқармасының төрағасы М.Гормез бауырлас Қазақстанмен қарым-қатынасты кеңейтуге және нығайтуға дайын екендігін баяндады. Оның айтуынша,қазіргі таңда Түркия Республикасында 85 мың мешіт, 700-ге жуық теологиялық лицейлер мен құран оқып үйрену курстары және ТР жоғары оқу орындарында 100-ге жуық теологиялық факультеттердің бар екендігін хабарлады. Жоғарыда аталған барлық мешіттердің және оқу орындардың қызметін ТР Дін істер басқармасында жұмыс істейтін 1000-ға жуық қызметкерлер мен сарапшылар қадағалайтынын хабарлады.
Өңірдегі мұсылман елдері арасында Түркияда дін мемлекеттен бөлінген. Зайырла мемлекет құру бағытындағы Түркияның үлгісі өз икемділігімен ерекшеленіп, елдің дамуына және экономикасына өз үлесін қосуда. Мемлекет пен діни бірлестіктер арасында қарым-қатынастардың үлгісі ұлттық келісімнің сақталуына, елде діни экстремистік және радикалдық діни ағымдардың таралуына тосқауыл қоюда.
«М.Гормез Түркияда имамдардың мемлекеттік қызметкер мәртебесіне ие екендігін және олар қажетті әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілетіндігін баяндай отырып, қазіргі таңда елде мемлекет тарапынан қаржыландыратын лицей және колледж деңгейіндегі дін оқу орындары, жоғары оқу орындарында тоелогиялық факультеттердің бар екендігін хабарлады. Дін саласындағы жасалған қажетті жағдайлардың нәтижесінде, халықтың діни сауаттылығы жоғары деңгейде және экстремистік ағымдардың Түркия халқының сана-сезіміне әсер ету деңгейі өте төмен екендігін атап өтті» — делінген ҚР СІМ хабарламасында.
Кездесу нәтижесі бойынша қазақстандық діни қызметкерлерге теологиялық білім беру және басқада діни бағыттар бойынша екі елдің ведомства аралық қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған Протоколды дайындау бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.