26 ноября 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Қазақстандық оқушылардың оқу сауаттылығы мен мәтінді түсіну қабілеті тексеріледі

3 апреля 2016 Просмотры: 4 690
Алматы. 4 сәуір. Ақпараттар орталығы. Қазақстан әлемнің 50 елі арасында алғаш рет pirls-2016 оқу құзыретін бағалайтын халықаралық зерттеуге қатысады, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ақпараттық-талдау орталығынан.

Хабарда айтылғандай, Қазақстаннан халықаралық іріктеумен 5008 төртінші сынып оқушылары оқу сауаттылығы зерттеуіне қатысу үшін таңдалды. Аталмыш зерттеуге әлемнің 250 000 бастауыш сынып оқушылары қатысады.

Барлық елдер үшін бірыңғай тестілеу уақыты белгіленген – 80 минут 10 минуттық үзіліспен.

«Әрбір қатысушыға екі түрлі мәтін ұсынылады. Әдеби мәтін бұл - қызықты оқиға немесе ертегі және ғылыми-ақпараттық бағыттағы мәтіндер мысалы, жануарлар туралы әңгімелер. Оқу сауаттылығы нәтижесі екі қағида бойынша бағаланады - әдеби оқу тәжірибесі және ақпаратты игеруі мен пайдалана білуі», - делінген хабарда.

Сондай-ақ, сауалнамаға төртінші сынып оқушыларының ата-аналары, сынып жетекшілері және мектеп директорлары қатысады.

PIRLS зерттеуінің үйлестірушісі болып табылатын Оқу жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық қауымдастық (IEA) бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығы деңгейіне әсер ететін сыртқы факторлардың дәрежесі бойынша талдауын ұсынады.

Зерттеу 2016 жылдың 4-30 сәуір айы аралығында өтеді. Зерттеу нәтижесі 2017 жылғы желтоқсанда жарияланады.

Зерттеу бес жылда бір рет өткізіледі. Жоба алғаш рет әлемнің 35 елінің қатысуымен 2001 жылы іске асырылды.

PIRLS зерттеуінің 3 кезеңі бойынша (2001, 2006, 2011) көшбасшы елдер қатарында Гонконг, Ресей Федерациясы, Финляндия және Сингапур.