Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігін екі ведомствоға бөлді
Алматы. 25 қаңтар. Ақпараттар орталығы. Қазақстанда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігі құрылды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметінен.
"Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі: әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүргізу саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне; денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүргізу саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне бөлу арқылы, (...)қайта ұйымдастырылсын», - делінген сәрсенбі күні Ақорданың ресми сайтында жарияланған президент қаулысында.
Одан басқа, жарлыққа сай, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі экспортты ілгерілетуге жауапты ретінде айқындалып, туристік қызмет саласындағы функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне берілді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі де қайта құрылды. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне берілді.
«Елді мекендердің шекарасы (сызықтары) шегінде электрмен жабдықтау (0,4 кВ электр желісі объектілері), орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағында жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын, белгіленген қуаты 100 Гкал/сағаттан төмен қазандықтар (автономды қазандықтардан басқа) бөлігінде жылумен жабдықтау, газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне берілсін", — делінген мәтінде.
Сонымен қатар, сәулет, қала құрылысы, құрылыс, тұрғын үй қатынастары, сумен жабдықтау, су бұру, коммуналдық шаруашылық және коммуналдық қалдықтармен (қатты-тұрмыстық қалдықтарды қоспағанда) жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігіне беріле отырып қайта ұйымдастырылды.


