Жамбыл облысында көлік апаты салдарынан 400-ге жуық абонент газсыз қалды
Алматы. 2 желтоқсан. Ақпараттар орталығы. Жамбыл облысында көлік апаты салдарынан 400-ге жуық абонент газсыз қалды, деп хабарлады «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ баспасөз қызметінен.
Хабарда айтылғандай, бүгін, 2.12.2016 жылы түнгі сағат 3-те Тараз қ. Апатты-диспетчерлік қызметке төтенше жағдай туралы телефон қоңырауы келіп түсті, нақты айтсақ, Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Пригородный ауылында Ленин көшесі 15 мекенжайы бойынша орнатылған жеке жәшік пунктіне (ЖП) жеңіл автокөлік келіп соққан. Қатты мас күйдегі жүргізуші оқиға орнынан қашпақ ниетпен тұтандыру тетігін басқан, соның салдарынан көлік өртенген.
"Көлік тұтастай өртеніп кетті, жүргізуші зардап шеккен жоқ. ЖП толығымен істен шықты және тұтастай ауыстыруға жатады. Апат орнына Апатты газ қызметі, Өрт сөндіру көлігі мен патрульді ЖПҚ келіп жетті. Қазіргі таңда келтірілген шығын сомасы анықталуда", - делінген хабарда.
Белгілі болғандай, қазір Пригородный ауылының жеке секторының 400-ге жуық абоненті газсыз қалған. Қазіргі таңда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбылдағы өндірістік филиалының мамандары жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, ол жұмыстар жақын арада аяқталады деп жоспарлануда.


