Израиль премьер-министрі Қазақстанға ресми сапармен келді
Алматы. 14 желтоқсан. Ақпараттар орталығы. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Израиль мемлекетінің премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесті. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінен хабарлады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Израиль серіктестігінің басты бағыттары талқыланды және сауда-экономика, инвестиция, сондай-ақ инновациялық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелері қарастырылды.
Мемлекет басшысы бұл сапар екіжақты қарым-қатынас аясын кеңейтуге тың серпін береді деп үміттенетінін білдірді.
Өз кезегінде премьер-министр Израильдің қауіпсіздік пен жаңа технологиялар саласында зор табыстарға жеткеніне назар аударды.
"Осыған орай Қазақстан дамуының стратегиялық жоспарлары мен Израильдің мүмкіндіктерін екі елдің игілігі жолында ұштастыруды ұсынамын», – деді Б.Нетаньяху.
Мемлекет басшысы Израиль премьер-министрінің ұсынысы Қазақстан тарапының жоспарларымен үйлесетінін атап өтті.
"Израильдің инновация мен жаңа технологиялар саласындағы жетістіктері бізге жақсы таныс. Бүгінде 270 компания экономиканың түрлі салаларында Қазақстан кәсіпорындарымен ынтымақтаса жұмыс жүргізуде. Сіз ұсынған формат бойынша ынтымақтастық орнату туралы мәселе бүгінгі бизнес-форум аясында қызу талқыланады деп ойлаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


