Оңтүстік Қазақстанда тұрақтандыру қорының тауарлары саудалануда
Алматы. 18 қараша. Ақпараттар орталығы. Оңтүстік Қазақстан облысының тұрақтандыру қорындағы азық-түліктер Шымкент қаласында сенбі және жексенбі күндері өтетін жәрмеңкеде, облыстың аудандары мен қалаларында сатылады, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
«Тұрғындарды әлеуметтік тауармен қамту және бағаны қолдан көтеру сынды жайттарды жою мақсатында құрылған тұрақтандыру қоры арнайы құрылған комиссияның шешімі бойынша тауарлардың келесі бағада беріліп жатқандығын хабарлайды. Атап айтқанда, картоп пен сәбіз 30-35 кг. дейін 1 келісін 65 теңгеден, ал құмшекердің келісі – 220, күнбағыс майы 1 литрі - 350, 5 литрі - 1750 теңгеге саудаланып отыр», - делінген баспасөз қызметінің хабарында.
Хабарда көрсетілгендей, жәрмеңке Шымкентте сенбі күні Мәделі Қожа көшесіндегі «Қажымұқан» стадионында ал, жексенбі күні Арғынбеков көшесі, «Рахима Плаза» ойын-сауық кешенінде өтеді.


