ОҚО-да қаруланған ұрылар шабанның екі қойы мен ұялы телефонын қолды қылған
Алматы. 1 тамыз. Ақпараттар орталығы. ОҚО-да Сарыағаш ауданында жасалған бірқатар қарақшылық шабуылдарға қатысы бар деген күдіктілерді ұстады, деп хабарлады облыстың ІІД баспасөз қызметінен.
2016 жылдың 21 шілдесінде Сарыағаш АІІБ кезекшілік бөліміне Сарыағаш ауданының 1983 ж.т. тұрғынына тиесілі қой қора жұмысшыларына қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабар келіп түсті.
«Оқиға орнына келіп жеткен жедел-тергеу тобы анықтағандай, түнде беттеріне бетперде киген, қолдарында қарулары бар белгісіз біреулер шаруашылық ауласына кіріп, қаруларымен қорқытып, күш көрсете отырып, жұмысшылардың ұялы телефондары мен екі қойды ұрлап, «БМВ» көлігімен оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы 200 мың теңгеден астам болып отыр», - делінген ІІД хабарында.
Бірнеше сағат өткеннен кейін Сарыағаш ауданы «Жетісай-Жібек жолы» тас жолында орналасқан автокөлікке май құю бекеттерінің біріне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары анықтағандай, беттеріне бетперде киген, қолдарында қарулары бар белгісіз біреулер АМҚС-ке баса көктеп кіріп, қаруларымен қорқытып, күш көрсете отырып, жұмысшылардың ұялы телефондары мен кассадан 100 мың теңгеден астам соманы жымқырған.
Жедел-тергеу шаралары кезінде Сарыағаш АІІБ қызметкерлері 1986 ж.т. және 1988 ж.т. жергілікті екі тұрғынды ұстады, олардың бірі бұрын сотталған. Заттай айғақ ретінде полицейлер тапанша мен көлікті тәркіледі.
Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК екі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған: 192 «Қарақшылық» және 287 «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру». Күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
«Қазіргі таңда тәртіп сақшылары қарақшылық шабуылдың қалған мүшелерін іздестіру бойынша жедел-іздестіру шараларын ары қарай жалғастыруда», - деп атап өтті полицияда.


