29 қараша 2026
USD — EUR — RUB — CNY —

Ақтөбе облысының әкімі «ҚазТрансГаз» АҚ өңірдегі жұмысын жоғары бағалады

26 қаңтар 2017 Қаралым: 4 867 Экономика,  Қоғам
Ақтөбе облысының әкімі «ҚазТрансГаз» АҚ өңірдегі жұмысын жоғары бағалады

Алматы. 26 қаңтар. Ақпараттар орталығы. Ақтөбе облысының коммуналдық қызметтері атқарған жұмыстары жөнінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев алдында есеп берді. Кездесу «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалында өтті, деп хабарлады газ саласындағы ұлттық оператордың баспасөз қызметінен.  

Қазіргі ахуал, сондай-ақ 2016-2017 ж.ж. жылыту маусымының барысы туралы коммуналдық қызмет көрсетуші компаниялардың басшылары баяндап берді. Бас баяндамашы Ақтөбе облысы энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Жанат Жұбанышев барлық қызметтердің атқарған жұмыстарына оң баға бере келе, жылыту маусымының қалыпты жағдайда өтіп жатқанын атап өтті. Қарқынды жүргізілген өңірдегі елді мекендерді газдандыру шарасына ерекше тоқталды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та «ҚазТрансГаз» АҚ жұмысын жоғары бағалай келе, жиналған коммуналдық қызмет басшыларын газшылардан үлгі алуға шақырды. «ҚазТрансГаз» компаниясының арқасында тіпті шалғай жатқан ауылдарға көгілдір отын жетті, - деді өңір басшысы. – Және бұл Қазақстанның Тәуелсіздігінің  25 жылдығына үлкен сый болды».

​

Ақпар бойынша, 2016 жылы Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ «Ақтөбе облысының елді-мекендерін газдандыру және газ тарату жүйелерін жаңғырту» инвестициялық жобасы аясында 10 елді мекенді газдандырып, Қандағаш қаласында автоматтандырылған газ тарату станциясын іске қосты. Осылайша Ақтөбе облысының барлық аудан орталықтарына көгілдір отын жеткізілді.

 «Бүгінгі таңда облыста газ құбырларының жалпы ұзындығы 5 352,6 шақырымды құрайды. Ақтөбе облысындағы 375 елді мекеннің 110-ы газдандырылған (облыстағы елді мекендердің жалпы санының 29,3%), немесе халық санымен 719 705 адамды құрайды (облыс халқының жалпы санының 86,7%). 2015 жылмен салыстырғанда халықтың табиғи газбен жабдықталу үлесі 2,1% артты (84,6%-дан 86,7%-ға дейін)»,- делінген баспасөз парақшасында. 

​​

Сонымен қатар, кездесуде өңірді одан әрі  газдандырудың жоспары туралы да айтылды. Оған сәйкес 2019 жылы 151 елді мекен (жалпы елді мекен санының 40,3%) немесе 749 632 адам (жалпы халық санының 90,3%) газбен жабдықталатын болады.

 Жиын соңында коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеу, оның ішінде газшылар алдындағы дебиторлық берешекті қайтаруға қатысты мәселелер талқыланды. Сонымен қатар облыс әкімі жиналған қауымды газ жабдықтарын пайдалану кезінде сақтық шараларын бұлжытпау орындау қажеттігін еске салып өтті.

​​

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының директоры Бақтияр Ізбасаров кәсіпорынның оқыту орталығын көрсетті. Мұнда жылына 2 мыңнан астам адам біліктілігін шыңдайды.

 Сонымен қатар өңір басшысы 2015 жылы ашылған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Хабарда айтылғандай, мамандандырылған  Халыққа қызмет көрсету орталығы  ақпараттық  жүйелерді біріктіруге және қысқа мерзімде «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер көрсетуге мүмкіндік беретін заманауи техникамен жабдықталған. Мұнда газдандыруға өтінім қалдырып, тұтынылған көгілдір отын және өзге де коммуналдық қызмет түрлері үшін төлем жасауға болады.

​

Тағы оқыңыз