Назарбаев имамдар мен халықтың діни сауаттылығын көтеруді тапсырды
Алматы. 19 сәуір. Ақпараттар орталығы. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
Қазақстан Президенті деструктивті діни ағымдарға қарсы күрес жүргізу қажеттігіне назар аударды.
"Қазақстанның аумағы ұлан-байтақ және табиғи қазба байлық пен ресурстарға бай екені баршаға белгілі. Осының бәріне қызғанышпен қарайтындар да бар. Олар – бізге қастық ойлап, қоғамымыздың ынтымағын бұзуға тырысушылар. Халқымыздың арасына теріс діни ағымдарды енгізу бізге сырттан ықпал етудің бір тәсілі болып саналады. Соңғы уақытта осындай үрдіс байқалып отыр. Біз мемлекеттігімізге қауіп төндіретін кез келген құбылыспен күресуге тиіспіз. Сондықтан сіздердің алдарыңызда зор міндеттер тұр", — деді ол имамдарға.
Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары дәстүрлі түрде ханафи мазхабын ұстанатынын, исламның осы бағытының негізін түсіндіруге машықтанған мамандар даярлау қажеттігін атап өтті.
"Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында 3800 имам жұмыс істейді. Олардың жартысы діни сауаттылықты арттыру курстарынан өткен. Алайда, мұның жеткіліксіз екенін айта кеткен жөн. Бізге осы салада жұмыс істейтін имамдар мен мамандардың білім деңгейін арттыру жайын ойластыру қажет", — деді президент.
"Оқыған имам ғана дұрыс білім бере алады. Ол өз дінін терең танып, өзге діндердің ерекшеліктерін зерттеп, басқа да білімдерді игерген адам болуға тиіс. Имамдар шешендік өнерді, адам психологиясын меңгерген идеологтарға айналуы керек", — деді ол.
Елбасы жас ұрпақтың діни сауатсыздығына айрықша назар аударды.
"Діни сауатсыздығының нәтижесінде жастарымыз сақал қойып, шалбарының балақтарын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, беті-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбейді. Бұл біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді", — деді мемлекет басшысы
Нұрсұлтан Назарбаев қазақ мәдениетінің тарихына, қазақ әйелдерінің дәстүрлі киіміне тоқталып, қара киім мен дін арасында ешқандай байланыс жоқ екенін айтты.
"Егер жастарымыз халқымызға жат уағыздарға ерсе, мемлекетіміздің болашағы не болмақ? Біз бұған жол бермейміз. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жарқын, ұлтымыз тату болып, еліміз зайырлы мемлекет ретінде одан әрі дамуға тиіс. Біз өзіміздің игі мақсатымызға қарсы шыққандарға көне алмаймыз. Бұл – мемлекеттік аппараттың ғана емес, барша Қазақстан халқының, оның болашағының мүддесі", — деді ол.
Елбасы халық арасындағы діни сауаттылықтың маңыздылығын атап өтіп, имамдардың өз қызметі барысында патриоттық тәрбиеге ден қоюға тиіс екендігіне назар аударды.
"Мен өзімнің мақаламда «Туған жер» бағдарламасына ерекше көңіл бөлдім. Ол бізге әр өңір, әр елді мекен туралы мол мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Әрқайсымыздың жүрегімізде патриотизм болуға тиіс. Осы орайда өз уағыздарыңызда Отанды сүю тақырыбына айрықша көңіл бөлулеріңізді сұраймыз", — деді мемлекет басшысы.

